Қазақстан Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында
көлік-логистикалық терминал салмақ. Осы мақсатта Иран 27 жыл мерзімге 15 гектар
жер бөлді, құрылыс күзде басталады. (би оу ти) ВОТ-келісім шеңберінде терминалды
салуға екі жыл, пайдалануға 25 жыл бөлінді. Қазақстан Орталық Азия елдері
арасында Ормуз бұғазының солтүстік жағалауында осындай нысан салуға мүмкіндік
алған алғашқы және әзірше жалғыз ел. Жобаны іске асыру елімізге Парсы шығанағы,
Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка елдеріне экспорт үшін
қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Бұдан бөлек, жоба мемлекеттер арасындағы
көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам, әрі
«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің транзиттік әлеуеті артады.
Аман Малғаждаров, ҚР Сауда және интеграция министрлігі
жанындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының атқарушы директоры:
- Бізде қазір Кениядан тапсырыстар көп, жалпы алғанда
оңтүстік Африкадан сұраныс жоғары. Әрине, ең алдымен үлкен экспорттық әлеуетке
ие отандық тауарларды экспорттау жоспарланып отыр. Бұл ретті нені меңзеп
отырғанымыз түсінікті, бұл біздің дәстүрлі тауарларымыз, бидай және астық
түрлері, химия саласы, металл бұйымдар, құрылыс материалдары, одан бөлек, бізде,
әрине, Таяу Шығысқа өнім жеткіздің үлкен әлеуеті бар, мысалы, қайта өңделген
өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс байқалады. Яғни, тамақ өнімдері, ұнтақталған химиялық
өнімдер және тағы басқалары. Тіпті салқындатылған ет жеткізу мүмкіндігі де бар.
Терминал кеден органдарын, порт қызметтерін, терминалдық
инфрақұрылымды және логистикалық тізбектің барлық қатысушыларын біріктіретін
бірыңғай цифрлық жүйе негізінде жұмыс істеді. Жоба сондай-ақ әлемдік нарықта
табысты қолданылатын жасанды интеллект технологиялары мен озық шешімдерді
енгізуді көздейді.
Аман Малғаждаров, ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының атқарушы директоры:
- Меніңше, бұл жоба кең ауқымды әсер береді. Неге? Себебі
қазір ресми есеп бойынша екі елдің алыс-беріс көлемі 400 млн доллар шамасында, және
біз осы сауда ағынын ұлғайтуға уағдаластық. Сондықтан біз 7-8 жыл ішінде біздің
терминалымызды толық пайдалана бастасақ, қаржы айналымы артып,
сауда-экономикалық қатынас бірнеше есе өсуі тиіс деп ойлаймыз.

