Грузияның Поти портында жаңа мультимодальды теңіз контейнерлік терминалы
іске қосылды. Бұл біздің еліміздің грузиялық және әзербайжандық серіктестермен
бірлескен жобасы. Нысан Каспий және Қара теңізбен Қазақстан, Әзербайжан және
Грузия арқылы Қытай мен Еуропаны қосатын Транскаспий халықаралық көлік
маршрутының маңызды бөлігіне айналды. Сарапшылардың айтуынша, терминалдың
өткізу қабілеті бірінші кезеңде жылына 120 мың тоннадан асады. Болашақта бұл
көлемді ұлғайту жоспарланып отыр. Терминал халықаралық стандарттар бойынша
жобаланған және ең озық инфрақұрылыммен жабдықталған.
Олжас Арықбаев, «Poti Transterminal» АҚ бас директоры:
- «Біз грузин заңнамасының жаңа талаптарына сай терминал
салдық. Бұл - өрт сөндіру жүйесіне, экологиялық мәселелерге және инженерлік
желілерге қатысты талаптар. Сәйкесінше, біз жаңа кәсіпорын ретінде осы талаптардың
барлығына сәйкес жұмыс жүргіздік. Бізде австриялық ричтакерлер, Қытайдан
әкелген крандар бар. Олардың жылдамдығы жоғары. Шын мәнінде тек Потиде ғана
емес, Кавказ маңындағы басқа елдерде баламасы жоқ жоба. Біздің крандарымыз
сағатына 25 контейнерге дейін өңдей алады».
Поти терминалын іске қосу - Транскаспий көлік дәлізі арқылы жүк ағынын
ұлғайту жөніндегі Қазақстанның стратегиялық мақсатын іске асырудағы маңызды
қадам. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытты кеңейту және нығайту жөніндегі тапсырмаларымен
тікелей байланысты. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан 3 жылда транскаспий
контейнерлік тасымалын екі есе арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген
болатын.
Қасым Тілепов, ҚР Көлік министрлігі Комитет төрағасының
орынбасары:
- «Өткен жылы біз Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалдадық. Өсім 60% -дан асты. Алдағы үш жылда біз оны 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жылына шамамен 300 мың жиырма футтық эквивалент тасымалданады. Әрине, негізгі жүк ағындары Қытайдан Еуропаға жөнелтіледі. Поти порты осы жүк ағындарын өңдеуге мүмкіндік береді».
Сарапшылардың бағалауынша, Грузиядағы алғашқы
мультимодальдық терминал жұмысының алғашқы экономикалық нәтижесі жарты жылдан
кейін біліне бастайды.

