Қазақстанда 2027 жылы жаңа газ зауыты іске қосылады. Ел Премьер-Министрі Маңғыстау өңіріне жасаған жұмыс сапарының барысында аталған нысанның құрылысымен танысты. Жоба халықты қосымша көгілдір отынмен қамтумен қатар отандық өндірістің дамуына және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін жасауға серпін береді деп күтілуде. Кәсіпорынның қуаты жылына 900 млрд текше метр газ өңдеуге қауқарлы болмақ.
Абай Молбаев, Қазақ газөңдеу зауытының құрылыс дирекциясы басшысының міндетін атқарушы:
- Зауыт экологиялық қауіпсіздік талаптарына және әлемдік стандарттарға сай салынады. Бүгінде барлық инженерлік, геодезиялық, геологиялық, гидрометеорологиялық және экологиялық зерттеулер толық аяқталды.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Ақтауда «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту
барысымен танысты. Кәсіпорынның қуатын 2 есе арттыру жоспарланған. Яғни,
тәулігіне тіршілік көзінің 40 мың текше метрі өңделеді. Бүгінде негізгі жұмыстар
аяқталып, зауытты іске қосуға дайындық жасалып жатыр. Экспортқа бағдарланған «ҚазАзот»
амиак зауыты да өндіріс аясын кеңейтпек. Мұнда ауыл шаруашылығы үшін минералды
тыңайтқыштар және тау-кен секторына арналған химиялық заттар өндіретін
аммиак-карбамид кешенін салу жоспарланған.