Езу тартқызар отандық классика. «Астана Опера» театры өнер сүйер қауым назарына «Айсұлу» тұңғыш қазақ комедиялық операсын ұсынды. Осыдан тура 60 жыл бұрын әйгілі қазақстандық композитор Сыдық Мұхамеджанов дәл осы шығармасын жазған. Елордалық өнер ұжымы сазгердің 100 жылдық мерейтойына орай туындыны қайта жаңғыртып, сахналады. Жаңаша түрленген қойылым көрерменді жарты ғасыр бұрынғы кезеңге көшіреді. Сол уақыттағы дүңгіршек пен шамдар, тіпті шынайы вагон, кино эффектілермен әрленген сахна өткенге саяхат жасағандай әсерге бөлейді. Спектакль желісі бойынша қос ғашық - Айсұлу мен Серкенің махаббат жолындағы бастан кешкен көңілді әрі шытырман оқиғалары ешкімді бей жай қалдырмасы анық.
Еренбақ Тойкенов,
қоюшы режиссер:
- Оқиғаның өтетін уақыты мен орны барлығы композитор, авторлар қалай ұсынды біз сол қалпы алып келдік. Бірақ біз көбінде натурализмге кеттік, шынайы сахналарға. Мысалы сол заманда қандай атмосфера болды, қандай заттар сол атмосфераны жеткізе алады? Міне біз соларды сахнаға шығардық. Спектакльдің екінші актінде көптеген сахналар архивтен алынған. Ол композитордың қолжазбалары қайтадан қалпына келтіріп, сахналанды. Сондықтан да өте қызықты сахналар бар, біз ешқашан естімеген, көрмеген. Бұл біздің әртістер үшін де өте таңсық.
Жеңіс Ермұқанов.

