Қазақстан мен Нидерланды АӨК саласында әріптестік аясын нығайтады

Қазақстан мен Нидерланды АӨК саласында әріптестік аясын нығайтады

Қазақстан мен Нидерланды ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті. Тараптар агроөндірістік кешен бағытында бірлескен жобалардың санын көбейтуде мүдделік танытып отыр. Сондай-ақ елдеріміз арасында ветеринария және тұқым шаруашылығы саласында да тәжірибе алмасуға ден қойылмақ. Бұл ең алдымен өзара алыс-берісті арттыруға септеседі. Тауарайналым өсіп, жаңа өнім түрлерімен алмасу жағы жолға қойылады. Бұл ретте қазақстандық аграрийлердің экологиялық таза өнім өндіру мен оны экспорттаудың әлеуеті зор екенін айта кеткен жөн. Екі жақ бұған тосқауыл болатын мәселелерді бірге шешуге уағдаласты. Осының қамында бірлескен ауыл шаруашылығы комитеті құрылып, жыл сайын бизнес өкілдері мен сала мамандары бас қосатын болады. Алматыда «Agroworld Kazakhstan» көрмесі аясында тиісті меморандумға қол қойылды.

Ян Кейс Худ, Нидерланды корольдігінің ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы вице-министрі:
-
Биыл Нидерланды осы көрмеге  серіктес елі ретінде қатысты.  Мұнда 25-тен астам жетекші голландиялық компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Бұл біздің халықаралық ынтымақтастыққа, өзара тәжірибе  алмасуға және бірлесіп ауыл шаруашылығын дамтытуға деген ниетіміздің белгісі.  Голландиялық компаниялардың осы бағытта озық тәжірибесі бар. Біз Қазақстанның Ауыл шаруашылығы саласы бойынша тұрақты серіктесі атануға дайынбыз.  

Бұл ретте айта кетерлік жайт, Қазақстан мен Нидерландының агроөндірістік кешені арасында тауарайналым тұрақты түрде өсіп келеді. Биылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш  62 млн долларды құрады. Былтырдың сәйкес кезеңінен үштен бірге артық. Бүгінде Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде 113 елдің ішінде 32-ші орынға тұрақтады.