Сенат зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасын қабылдады

Қазақстандық өндірушілер өз өнімдерінің атауларында географиялық сипатын көрсетуге құқылы. Бұл бүгін Сенаттың жалпы отырысында екі оқылымда қаралып, мақұлданған зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңда қарастырылған. Құжатты таныстырған Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанованың айтуынша, меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру оны халықаралық шарттармен үйлестіру аясында іске асырылды. Жаңа нормалар тоғыз мыңға жуық қазақстандық автор мен құқық иеленушіге сыйақы алуға мүмкіндік береді және ұжымдық ұйымдардың құқықтары бұзылмауын қамтамасыз етеді.

Гүлнар Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– Зияткерлік меншік туралы заң жобасында «географияны көрсету» деген жаңа объектісі ұсынылады. Бұл отандық тауар өндірушілерге әлемдік нарыққа жаңа мүмкіндіктермен шығуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда өнімнің беделі мен сапасы белгілі бір географиялық объектімен байланысты болады. Мысалы, «Қазақстандық шоколад», «Көкшетау балмұздағы», Осакаров саумалы, Лепсі балы және басқалары.

 

Автор: Ақзер Сегізбай