Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысты

«Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады. Аймақ басшылары мен Германия федералдық канцлерінің кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді. Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық. Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Біріншісі – тауар айналымын ұлғайту. Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын. Бұл негізінен металургия және мұнай-химия саласы өнімдері. Келесі басымдық энергетика саласындағы ынтымақтастық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

– Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды басты бағыттың бірі деп санайды. Осыған орай президент Еуропалық серіктестердің қолдауымен сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құруды ұсынды. Климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айта кеткен жөн. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

– Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, Қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. 

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Тараптар сондай-ақ Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған Экономикалық кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Аталған орган Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы инвестиция тарту, өзара ықпалдастықтың орнықты институционалдық базасын қалыптастыруда белсенді рөл атқара алады.