Жаңа Конституция
мәтінін дайындауға Мемлекет басшысы жеке қатысты. Бұл туралы біздің телеарнаға
берген сұхбатында Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай айтты. Оның сөзінше,
Негізгі заң жобасымен жұмыс қарқынды, әрі Мемлекет басшысының тікелей
қатысуымен жүргізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев құжатты егжей-тегжейлі пысықтауға
арнайы уақыт бөліп, азаматтардың, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың
ұсыныстарын зерделеді, сондай-ақ кеңесшілермен бірге жаңа Конституцияның
кіріспесін, бөлімдері мен баптарын редакциялаумен айналысты.
Айбек Дәдебай, ҚР Президенті
әкімшілігінің басшысы:
- Жалпы, Президент соңғы жарты жыл ішінде аптасына
кемінде бір рет, кейде одан да жиі түрде, әуелі Парламенттік реформа
бойынша жұмыс тобының жетекшілерімен,
одан кейін конституциялық комиссияның жетекшілерімен кездесіп отырды. Жалпы
жаңа Конституция жобасының мәтінінде Мемлекет басшысының саяси бағдарының басты
қағидаттары, қоғам мен мемлекеттің дамуына қатысты көзқарасы, сондай-ақ
ұстанымдары кеңінен көрініс тапқан. Сол себепті, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа
Конституциямыздың басты авторы.
Республикалық
референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп атап өтті Айбек
Дәдебай. Ауқымды саяси науқанда Орталық референдум комиссиясына ерекше міндет
жүктеледі.
Айбек Дәдебай, ҚР Президенті
әкімшілігінің басшысы:
- Бұл референдумның еліміз үшін
де, барлық азаматтарымыз үшін де маңызы өте зор. Сондықтан барлық құқықтық
рәсімінің сақталуы, заң талаптарының қатаң орындалуы өте өзекті болып тұр. Бұл
ретте Орталық референдум комиссиясының атқарар рөлі ерекше болмақ. Ал мемлекеттік
органдардың басты міндеті – дауыс беру үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз
ету, сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі
азаматтарға қажетті жағдайды жасау болып табылады

