Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті

Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. 3000-ға жуық әртісті жұмылдырған салтанатты шара Астана арена стадионында өтті. Көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты. Төрткүл дүние көз тіккен шараның ашылуына біратар түркі мемлекеттері мен ұйымдарының басшылары мен ЮНЕСКО, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Дүниежүзілік туризм ұйымы сынды беделді ұйымдардың жетекшілері қатысты. Салтанатты жиында сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған айрықша мәдениет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. 

Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, сондай-ақ Аустралиядан спортшылар келді. Ал    ойындардың ашылу салтанатын еліміздің бірнеше арнасынан бөлек Түркия,  Қырғызстан, Ресей, Татарстан, Өзбекстан мен Түрікменстанның  арналары тікелей эфирде көрсетті.