Астанада түркі мәдениетінің дамуы талқыланды

Астанада түркі мәдениетінің дамуы талқыланды

Өзбекстан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының мүшесі, ал Түрікменстан оның бақылаушысы болды. Бұл туралы Астанада Қор Кеңесінің екінші отырысында белгілі болды. 2025 жылы Қазақстан Ұйымға төрағалық етеді. Жиында еліміздің алдағы екі жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды. Осылайша, Республика Түркі әлемімен байланысты реставрациялық, ғылыми-танымдық және ағартушылық қызметті ілгерілетуге міндеттенеді. Қазақстан көне Құлан қалашығын музеефикациялау мен тарихи жаңғырту іс-шараларын, сондай-ақ Алтын Құран кітабын реставрациялауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, биыл Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде, Бішкектегі Қырғыз Ұлттық университетінде және Ыстамбұлдағы мәдени орталық қабырғасында Түркі мәдениеті мен мұрасы орталықтарының ашылуы күтілуде. Бұған қоса түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ақтауда да бірқатар мәдени танымдық шаралар ұйымдастыру көзделген.


Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті:

- Біз түркі фольклоршыларының симпозиумын, түркі елдері реставраторларының шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Түркі халықтарының материалдық емес мәдени мұрасын қамтитын фестивальдің ашылуы бүкіл түркі әлемін біріктіреді. Жыл бойы біз Қазақстанның жалпы бүкіл түркі әлемінің материалдық, материалдық емес мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған іс-шараларды белсенді түрде өткізетін боламыз.

Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзірбайжан делегаттары үшін арнайы мәдени-танымдық бағдарлама әзірленді. Меймандар Махмұд Қашқаридің «Диуан луғат әт-түрік» энциклопедиялық сөздігінің жарық көргеніне 950 жыл толуына орай ашылған халықаралық көрмемен танысты. Бағдарлама аясында бірқатар кітаптың тұсаукесері, түркі халықтарының дәстүрлі музыкалық концерті  жоспарланған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?