Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын Қазақстан ғана емес, әлем ұлықтап жатыр. Сондай шаралардың бірі Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтті. Жиынға қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, Алаш арысының баға жетпес мұраларын талдап, таразылады.
Синь Цюй, ЮНЕСКО бас директорының орынбасары:
- Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның еңбектері бүгінде бүкіл әлемге танылған.
Анар Фазылжан, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:
- Байтұрсынұлының әліпбиінің арқасында қазақ балалары қысқа уақыт ішінде оқу мен жазуды үйренді. Өздеріңіз ойлап көріңіңіздерші, ол кезде не интернет жоқ, не технологиялар дамымаған. Соған қарамастан Ахмет Байтұрсынұлы халықтың сауаттылық деңгейін көтеруге өлшеусіз үлес қоса алды.
Жиында Ұлт ұстазының ағылшын тіліндегі жинағы таныстырылды. Енді бұл кітап ЮНЕСКО кітапханаларын толықтырады. Ұлт ұстазы еңбектерінің жинағының тұсаукесері бүкіл түркі әлемі мен түріктанушылар үшін маңызды оқиғалардың бірі саналады.
Хулия Касапоглы Ченгель, Анкарадағы қажы байрам университетінің профессоры:
- Алаш көсемдерінің еңбектері түркі тілдерінің барлығына, ағылшын және француз тілдеріне аударылуға тиіс. Бұл түркі халықтарының міндеті десем де болады. Мағжан Жұмабаев "Мен жастарға сенемін" демекші, түркі әлемнің жастарына Алаш көсемдерінің еңбектерін мейлінше көбірек таныстыра беру керек.
Қанша жыл өтсе де, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері өзектілігін жоғалтқан емес. Ол – оқу, ғылым мен мәдениетті біріктіріп, ұлттық құндылықтарды барынша насихаттай алған қайраткер.