Астанада бауырлас Қазақстан мен Түркияның тарихи-мәдени
байланыстары, жалпы түбі бір түркі халықтарының рухани мұрасынан сыр шертетін
көрме ұсынылды. «Яссауиден Юнус Эмреге: Түркі өнерінің рухани сапары» атты экспозиция
қазақстандық жас суретші Алдияр Әуесбековтың 25-тен астам каллиграфиялық
туындыларын біріктірді. Олардың әрқайсысы қос ұлы ойшыл - Қожа Ахмет Яссауи мен
Юнус Эмраның философиялық көзқарастарын жеткізеді. Автор көркем бейнелер мен
әсем жазу өнері арқылы Ұлы даладан Анадолыға дейінгі бір мүдеге ұйыған түркі
әлемінің рухани сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарының үндестігін паш етуді мақсат
тұтқанын алға тартады. Көрмені Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы
ұйымдастырды. Жоба екі елдің қылқалам шеберлері мен мәдениет қайраткерлері
арасындағы диалог алаңына айналды.
Алдияр Әуесбеков,
көркем туындылар авторы:
- Юнус Эмренің
кітаптары және Қожа Ахмет Яссаудің трактаттары шабыт берді. Оқып зерттеген
кездердегі өлең жолдары сол замандағы адамзат баласына деген айтқан махаббат,
яғни шексіз хәм шартсыз махаббатты сөздермен сипаттаудың өзі үлкен өнер деп
санаймын. Мұны жеткізу мүмкін емес, мен олардың ойларын өзімше топшаладым,
өзімше бір суретпен бейнелегендей болдым.
Зульфи Томан, Қазақстандағы Түркия елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі:
- Мұндай
іс-шаралар жастардың төл тарихы мен бай мәдени мұрасын кеңірек тануы үшін
қажет. Осының қамында жиын өткізуді жөн көрдік.
Бүгінде жастардың әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізетіні ешкімге құпия емес.
Сондықтан да өскелең ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңіру аса маңызды
деп санаймын.

