Қазақ кинематографиясы орны толмас қазаға ұшырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, сценарист және актер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті. Қазақ кино өнері мен әдебиетінде өшпес қолтаңбасын қалдырған тұлғаның туындылары көрермен көңілінен әркез айрықша орын таба білді.
Ол 1969 жылдан бастап «Қазақфильм» студиясында сценарист әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. «Зауал», «Көзімнің қарасы», «Созақтан шыққан Гамлет», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» сынды көптеген көркем фильм түсірді. Қазақтың біртуар тұлғалары Құрманғазы, Мұстафа Шоқай, Ермұхан Бекмахановтың тағдырын таспалады. Оның шығармалары әлемдік киносыншылар тарапынан жоғары бағаланып, халықаралық жүлделерге ие болды.
Қазақ өнеріне сіңірген айрықша еңбегі үшін «Құрмет» ордені, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Франция кино академиясының Жорж Садуль атындағы тəуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Қазақ киносы мэтрінің жарқын бейнесі көрермен жүрегінде мәңгі сақталады.