Елімізге қатысты жақсартылған болжам Еуразиялық даму банкінің шолуында ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, бұған мемлекеттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі бастамалары, жоспарланған инвестиция, сондай-ақ, өндірістік қуаттарды кеңейту ықпал етеді. Халықаралық институттың түсіндірмесінде бұл шаралар мұнай бағасының болжамды төмендеуінің жағымсыз әсерлерін өтейді делінген. 2024 жылы іске қосылатын жаңғыртылған Теңіз нысандарының қуатын толық пайдалану экономикалық өсімге тікелей әсер етеді деп жоспарлануда. Ақша-несие саясатын жеңілдету несиелеу мен экономикалық белсенділікті де арттырады. Жаһандық экономика құлдыраудан шыққан кезде экспорт көлемі өседі. Сонымен қатар ЕАДБ болжамынша Қазақстанда инфляция деңгейі баяулай түседі.