Өнердің даму тенденциялары мен классикалық қойылымдарды интерпретациялау түрлері – осының барлығын Шара Жиенқұлова атындағы VI республикалық қазақ биі байқауында көруге болады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 ансамбль мен 15 жеке орындаушы қатысуда. Конкурстың өтуіне Қазақ ұлттық хореография академиясы мұрындық болды. Сонымен қатар байқау аясында бұдан бұрын өткізілген 5 би сайысы материалдарының көрмесі ашылды. Мұнда алғаш рет қазақтың тұңғыш бишісі, халық әртісі Шара Жиенқұлованың сирек суреттері бар бірегей фотоальбом ұсынылған. Би нөмірлерінің көрсетілімі елордадағы «Astana Ballet» театрының сахнасында өткізілуде. 31 наурызда сол жерде байқау жеңімпаздары анықталып, конкурс лауреаттарының гала-концерті ұйымдастырылады.
Бибігүл Нүсіпжанова, қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
- Бұл кәсіби байқау екенін атап өткім келеді, өйткені оған тек облыстық филармониялардың кәсіби топтары, сонымен қатар хореография кафедралары немесе факультеттері бар жоғары оқу орындарының студенттері ғана қатысады. Тиісінше, бізде қазылар алқасы да білікті мамандардан құралған. Алқа төрағасы – Қазақстанның халық әртісі – аты аңызға айналған Гүлжан Қалпақова. Сондай-ақ төрелікке Әзербайжан жұлдызы – халық әртісі Тарана Мурадова да мүшелік етуде.
Тарана Мурадова, Әзербайжан республикасының халық әртісі, баку хореография академиясының халықаралық байланыстары бойынша проректоры:
- Әрине, мені Қазақ хореографиялық академиясының кеңейіп, дамып келе жатқаны қатты қуантады. Академия түлектері өте мықты. Бұл байқаулар хореографияға жемісті қадамдар әкеледі деп ойлаймын. Мен үшін кәсібилік, дұрыс музыка таңдау, бидің әрбір қимылы, оны әртістің табиғи түрде орындауы, сахнаны сезіне білуі, көрерменнің көңілін сезінуі маңызды. Дегенмен кәсіби биші ретінде мен үшін ең бастысы кәсібилік және оның жан дүниесі. Жан дүниесі дегеніміз, қойылымды орындап шығу деңгейің, оны көрерменге жеткізе білуің.