Белгілі француз дизайнері Кристиан Диордың музасы болған қазақ қызы Алла Елшіннің өмірі жайлы деректі картина Германияда таныстырылды. Берлиндегі премьераға шетелдік өнерсүйер қауым мен сонда тұратын жерлестеріміз жиналды. Көрсетілімнен кейін авторлар картинаны түсіру барысы қалай жүргені және алдағы уақытта оны қай платформалардан тамашалауға болатыны туралы айтып берді. Аталған туындыны Италия, Аустрия және Ұлыбритания елдерінде көрсету жоспарланып отыр. Сондай-ақ көркем фильм түсіру мәселесі қарастырылып жатыр.
Берлин Иришев, режиссёр, фильмнің бас продюсері:
- Бұл – Қазақстанның әлемдік сән саласына қосқан үлесі. Алла Елшіннің есімін жаңғыртқанымызға қуаныштымыз. Жұмыстағы ең қиыны ақпарат жинау, хрониканы іздеу болды. «Dior» үйінде бұл мәліметтер сақталмаған болып шықты. Ақыры, 7 елден ақпарат табылып, қолымызға түсті. Фильмді мазмұнды ету үшін фотосуреттерді қолдандық. Оның өзін иелерінен сатып алдық. Біз үшін ең бастысы, бұл жұмысымызды «Dior» сән үйі қолдап отыр.
Фильм таныстырылымы аясында көрермендерге қазақстандық және неміс музыканттарының қатысуымен концерт ұсынылды. Онда отандық және шетелдік композиторлардың туындылары орындалды.
Атап өтерлігі, бұл – карантин шаралары жеңілдетілген соң Қазақстанның шетелде ұйымдастырған алғашқы мәдени шарасы.
Айкен Айтбай, музыкант:
- Сондай қуанышты күн. Бірінші кезекте, қазақ мәдениетінің және музыкасының мерекесі. Еуропалық көрермен халқымыздың фольклорлық шығармаларын сүйіп тыңдайды. Осы жерге Қазақстаннан ғана емес, Вена мен Парижден келген қонақтар бар.