Астанада сарапшылар тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңдерін талқылады

Тәуелсіз Қазақстанның негізгі тарихи қалыптасу кезеңдері және бүгінге дейін елде орын алған экономикалық-әлеуметтік өзгерістер мен толағай табыстарды елордада ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары саралады. Ұлттық мұрағат қабырғасына Парламент депутаттары, дипломаттар, тарихшылар мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосты. Зиялы қауым жиында Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудың мән-маңызына тоқталып, естеліктерін айтты. Бірғаным Әйтімова осы тарихи шешімнің бастауында тұрғандардың бірі. XII шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты декларацияны қабылдау оңайға соқпағанын айтады. Оған енген барлық нормалар Қазақстанның Тәуелсіздік туралы заңын қабылдауға негіз болды.

Бірғаным Әйтімова, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Ең бастысы бұл декларация халық пен елдің дамуы үшін басты қажеттіліктерді анықтауға сеп болды. Бұл, әрине, біздің аумақтық дербестігіміз, полигондарды жою және жарылыс сынақтарын дереу доғару және халықаралық ұйымдарға, ең алдымен Біріккен ұлттар ұйымына қатысуға қатысты шешімді жария етті. Біз осы сыртқы дипломатиялық қарым-қатынастарды құру құқығын белгіледік.

Елдігіміз айқындалған жылдары әлеуметтік салада басшылық қызметте жүрген Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, егемендікке жетелеген жол дәйекті және әрбір қадам ерекше маңызға ие болды. Декларацияда жазылған 17 тармақтың барлығы халық пен елдің бүгінгі тұрақтылығы және халықтың әл-ауқатының негізін қалап, демократияға жол салды.

Қырымбек Көшербаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Нағыз демократиялық реализм кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әсіресе әділеттілік концепциясы бүгінгі қоғамда өте қатты қолдау тауып отыр. Сол әділеттілік арқылы қазір билік пен халықтың арасындағы тығыз байланыстың арқасында көптеген көкейкесті мәселелерді шешеміз деп ойлаймын.

Конференцияға қатысушылар Республика күні үлкен тарихи мәнге ие екенін, ал бұл мерекенің мазмұны мен мағынасы халықтың Тәуелсіздік туралы көп ғасырлық арманының жүзеге асуын білдіретінін атап өтті. Оның үстіне бұл атаулы күн ортақ ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Еркебұлан Аманғосов, Мемлекет тарихы институтының Ғылыми-ақпараттық бөлімінің басшысы:

- Республика күнін мерекелеу аясында біз қазір республика идеясы тереңдеп келе жатқанын, мемлекет қабылдаған қандай да бір саяси шешім ел азаматтарымен ортақ жауапкершілікке негізделетінін көріп отырмыз. 2022 жылғы Конституциялық реформа және Атом электр станциясын салу жөніндегі соңғы референдум осыған дәлел. Осылайша ел азаматтарының мемлекеттің бүгіні мен болашағына қатысты жауапкершілікті теңдей бөлісіп отырғанына куә болдық.

1990 жылғы 25 қазандағы тарихи оқиғаға қатысты дәлелдер мен дәйектер Республика күніне арналған арнайы көрмеге қойылды. Қонақтарға еліміздің Ұлттық мұрағат қорынан фотосуреттер, аса құнды құжаттар мен қағаздардың үлгілері ұсынылды.

Жеңіс Ермұқанов