Қазақстанда 2026-шы жылы өңірлік климаттық саммит
өтеді. Оның алаңында Орталық Азия елдерімен жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрес
бойынша бірлескен ұсыныстар әзірленеді деп күтілуде. Бұндай шешім Бакуде өткен
БҰҰ-ның COP-29 климатың өзгеруін бақылауға арналған конференцияда жарияланды. Астанадағы
кездесуде отандық және халықаралық сарапшылар оның қорытындысы бойынша
қабылданған бастамалар және құжаттарды талқылады. Мамандардың айтуынша,
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге сенімді түрде
ұмтылуда. Бұған қатысты нақты жобалар мен уағдаластықтар бар. Мәселен Бакудегі
саммит аясында еліміздің Экология министрлігі мен карбон егіншілігі
стандарттарын дамыту жөніндегі халықаралық компания арасында келісім жасалды.
Мамандардың айтуынша, оларды агроөндірістік кешенде қолдану парниктік газдар
шығарындыларын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен ауыл
шаруашылығы саласына инвестиция ағынын арттыруға сеп болмақ.
Наталья Бачинская, халықаралық
сарапшы:
- Бұл технология
өнімділікке оң әсер етеді. Сондықтан отандық шаруаларға аса тиімді болмақ. Ол
үшін өз ниетіңізді білдіріп, өтініш беру керек.
Кейін оқуымызға қосылып, арнайы бағдарламаны меңгересіз. Бұл негізінен
ұқыпты егіншілік технологияларын қолдануға қатысты. Яғни, жер жырту, топырақтың
құнарлығы үшін оны терең өңдеуден бастап, ауыл шаруашылығы қалдықтарымен
жұмысқа дейінгі тиімді аграрлық технологияларды қамтиды. Яғни, мол әрі сапалы
өнім жинаудың озық әдістерін ұсынады.
Айта кетейік, БҰҰ Бакудегі климат жөніндегі конференциясында келіссөздер
бірқатар уағдаластықтармен аяқталды. Олардың ең негізгісі дамыған елдердің
климаттың өзгеруіне қарсы күреске жылына 300 млрд. доллар инвестициялау
міндеттемелеріне қатысты болды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

