Экономиканың өсуін қамтамасыз ету және
қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру. Аталған мәселелер – үкіметтің алдағы кезеңдегі жұмысының басты
бағыттары. Бұл туралы Премьер-министр Мемлекет басшысының министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын
іске асыру мәселелері бойынша кеңесте мәлімдеді. Бұл ретте министрлер мен әкімдер жедел шешімдер қабылдап, қойылған
міндеттердің орындалуы үшін толық жауапты болуы тиіс. Мемлекет басшысы жариялаған әрбір бағыт бойынша
нақты нәтиже қажет, деп атап өтті Олжас Бектенов. Сондай-ақ, Премьер-министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетті басым бағыттар бойынша
теңгерімді бөлуге баса назар аудару керек.
Ведомство басшылары экономика
салаларының өсуін қамтамасыз ету, инвесторлар үшін заңнамалық жағдайларды
жетілдіру, сирек жер металдары өндірісін дамыту, инженерлік, жол және
көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі жоспарлар туралы
баяндады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қазақстан аумағы
бойынша транзиттің жалпы көлемі өткен жылы 2023 жылмен салыстырғанда 39%-ке
өсіп, 5 миллион тоннаны құрады, бұл ретте Қытайдан транзит 67%-ке өсті. Алдағы
уақытта көрсеткіштерді еселеп, өсім деңгейін сақтау үшін рұқсатсыз тасымалдау
жүйесі бар елдер тізбесін кеңейту, шетелдік банктердің электрондық рұқсат
форматын дамыту, аспан асты елімен шекарада кедендік рәсімдерді оңайлату,
мультимодальдық тасымалдар үшін бірыңғай көлік құжатын енгізу шаралары қабылданады. Автотасымалдаушыларға арналған
инфрақұрылым бөлігінде биыл құрылыс, жөндеу жұмыстары 9,5 мың шақырымды
қамтиды.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп
және құрылыс министрі:
- Тек 10 ірі
компанияның инвестиция көлемі геологиялық барлауға шамамен 41 миллиард теңгені
құрап, 25 мың шаршы километрден астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етуде. Реформаланған
базаның институционалдануы мен ашықтығын нығайту мақсатында өткен жылы жер қойнауын
пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды, содан бері жер қойнауын
пайдаланушылардың 506 өтінімі өңделіп, қағаз жүзіндегі өтінімдерді қабылдау
толығымен тоқтатылды.
Авторы: Әсел
Күшенғалиева

