Қазақстан мен
Мажарстан жақын арада өзара тауарайналым көлемін 1 млрд долларға жеткізуге
мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан Қазақстан мен Мажарстан қатынастарының
жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Мажар елінің Премьер-Министрі
Қазақстанға ресми сапармен келді. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер
алдында Ақорда резиденциясында қарсы алу рәсімі өтті. Кездесуде Мемлекет
басшысы бұл сапар екіжақты ынтымақтастыққа серпін беретініне тоқталып, шақыруды
қабыл алып, Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуына ниет
танытқаны үшін алғыс айтты. Президент екі халықтық тарихи тамырластығы және
тығыз байланыстары бүгінде қос тарап арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне
негіз болғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті:
- Орта ғасырларда
Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде
Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен
күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды
дамуда. Бұған, құрметті Премьер-Министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз.
Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге
мүдделіміз.
Өз кезегінде
Виктор Орбан тараптар арасындағы әріптестік деңгейін жоғары бағалап, Мажарстан Қазақстанның
сенімді стратегиялық серіктесі болғанын және солай қала беретінін атап өтті.
Виктор Орбан,
Мажарстан Премьер-Министрі:
- Біз бүгін өзара
ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді
Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір
жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен
әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын.
Әлемдегі
геосаяси шиеленістерге қарамастан, өткен жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы
тауарайналым 20%-тен астам өсті. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық
ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің
сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек. Жалпы, Қазақстан Мажарстанға
700 миллион доллардың жүзге жуық тауар түрін жеткізе алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті:
- Өзара тиімді
жобалар тізімі әзірленеді. Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское»
ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ
компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны
еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі іспеттес. Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Бүгін тараптар осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқаны Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.