Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті

Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті

Астанада «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтті. Алқалы жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қытай басшылары қатысты. Саммит жұмысын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың үлгісі қалыптасқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті».

Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға ерекше мән беріледі. Жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашу мен ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Президент геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 211 мың контейнерден асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік - Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз».

Энергетика саласындағы ықпалдастық - өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақстан Қытайдың ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Президент гуманитарлық ықпалдастықты да күшеуті ұсынды. Бұдан бөлек, «Орталық Азия - Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет. Форум қорытындысы бойынша мемлекет басшылары самиттің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытай арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?