Елордада
Киберакадемия ашылды. Ол Astana IT University базасында жұмыс істейтін болады. Оқу орны кыркүйек айынан бастап алғашқы
студенттерді қабылдайды. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау
қазір де жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Жаңа жоба білім алушылар қатарын ұлғайтуға
мүмкіндік береді. Мұнда жастар киберқауіпсіздік, бағдарламалау мен жасанды
интеллект бағыттары бойынша білім алады. Оқу бағдарламасы халықаралық
стандарттарға сай әзірленіп, IT-сарапшылар мен шетелдік мамандар тартылмақ.
Мақсат – цифрлық дәуірге бейімделген білікті кадр даярлау. Сарапшылардың
айтуынша, мұндай жағдайда болашақ мамандар соңғы әлемдік стандарттарға сәйкес
дағдыларын жетілдіреді. Академия киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік
көшбасшылардың бірі Palo Alto Networks-пен ынтымақтастықта құрылуда.
Ахмет Түсіпов, Astana Innovation Day ұйымдастырушысы, Palo Alto Networks
өңірлік менеджері:
- Осы академия аясында университеттің оқытушылар құрамынан үш нұсқаушы оқудан
өтті. Академия не береді? Ол бірінші кезекте, ақпараттық қауіпсіздік бойынша
Palo Alto Networks базасында қамтылған соңғы білімге қол жеткізуге мүмкіндік
береді. Бұл не себепті маңызды десеңіз,
қазір біз жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық, күн сайын өз бетімізше әр
түрлі АІ-құралдарды қолданып жүрміз, сонымен қатар оларды хакерлер де пайдалана алатынын естен
шығармағаныңыз жөн.
Innovation Day Astana форумы аясында киберқауіпсіздік мамандарының жаңа
буынын даярлауға арналған жиын салалық сарапшылардың, мемлекеттік органдардың
өкілдерінің, сондай-ақ деректерді қорғау саласындағы шетелдік және қазақстандық
шешімдерді әзірлеушілердің басын қосты. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты
күшейту, Қазақстанда халықаралық талаптарға жауап беретін қауіпсіз және
инновациялық цифрлық ортаны қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Досжан Мұсалиев, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі
вице-министрі:
- Біз бүгін киберқауіпсіздіктегі заманауи сын-қатерлерді талқылаймыз. Бұл, бірінші кезекте, жасанды интеллектке қатысты. Ол барлық салаға енді, мұндайда адам нені ескеруі керек. Өз деректеріңізді қорғау үшін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік үшін жасанды интеллектті қалай пайдалануға болады. Сонымен қатар, бүгінде таңда қандай шешімдер бар, алдағы бір-екі жылда қандай қауіп-қатерлер туындауы мүмкін және осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына қандай өзгерістер қажет болуы мүмкін екенін талдаймыз.

