Қазақстан мен Финляндия өзара ынтымақтастық көкжиегін
кеңейтуге ниетті. Астанада тараптар екі жақты бизнес-форумда әріптестіктің жаңа
бағыттарын талқылады. Оның жұмысына елдердің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев
пен Александр Стубб қатысты. Мемлекет басшысы көлік-логистика арадағы қарым-қатынастардың әлеуетті
бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев фин кәсіпкерлерін
еліміздің осы саладағы басымдықтарымен таныстырып, Транскаспий халықаралық
көлік бағдарының дамуы туралы құлағдар етті. Президент өңірімізде тиімді
мультимодальды көлік жүйесін құруда Nurminen Logistics компаниясының елеулі
үлесін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу
арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты
тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты
болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты
көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз.
Мемлекет басшысы атом саласына да жіті тоқталды. Президент
оның қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі
деп санайтынын жеткізді. Осы орайда ол Қазақстанның
Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның STUK басқармасы отынды
бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатқанын
атап өтті. Президент еліміздің жер қойнауы сирек кездесетін пайдалы қазбаларға
бай екенін де алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы
үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты
прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға
алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және
өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы
ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз.
Президент ауыл шаруашылығы, қаржы, экология, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан жасанды интеллект бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз.
Қазақстан - Финляндияның Орталық Азиядағы негізгі
серіктесі. Өткен жылы Суомиден еліміздің экономикасына құйылған тікелей
инвестиция 80% артып, жарты миллиард долларға жетті. Бүгінде республикада фин
капиталы бар 50-ге жуық компания табысты жұмыс істеуде. Қазақстан олардың
қатысуын одан әрі нығайтып, инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

