Басқосуда Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан және Тәжікстан президенттері, сондай-ақ атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Достастыққа төрағалығы аясындағы бастамаларын қолдап, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқан мәртебелі меймандарға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Бүгінгі отырысқа Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялаймын. Бүгін Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер ұсынылып отыр.