Білім, ғылым, мәдениет салаларындағы ортақ бағдарламаларды кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасу, креативті және IT-жобаларды іске асыру. Бұл жөнінде сарапшылар, зерттеушілер мен жазушылар Астанада қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумында айтты. Жиынға Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева қатысты. Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, халықтық дипломатияны дамыту және дәстүр сабақтастығын сақтауға қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Мәулен Әшімбаев,
ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
- Мәдениет, өнер,
білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар
қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми
және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды
ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз.
Осындай игілікті іс арқылы біз бір-біріміздің үнімізге құлақ асып, ортақ жарқын
болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз.
Танзила
Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
- Бізде
университеттер, ғылым академиялар, мұражайлар мен шығармашылық одақтардың өзара
іс-қимыл тәжірибесі бар. Мен мұнда археологиялық экспедициялардан бастап
бірлескен көрмелер, мұраны сақтауға қатысты цифрлық жобаларға дейін әлеуеттің
зор екеніне сенімдімін.
Сондай-ақ, Өзбекстан
Сенатының төрағасы Президент жанындағы Әйелдер істері және
отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелерімен
кездесті. Онда гендерлік теңдік мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар
өңірді орнықты дамыту жолында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға
қатысты жобалар жөнінде пікір алмасып, негізгі бағыттар бойынша бірлескен
бастамалар әзірледі.

