Елордалық кәсіпкерлер бизнес жүргізудің озық құралдары және
тетіктерімен танысты. Астанада жетекші сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпті
өрге домалатуға септесетін кеңестерін берді. Бизнес-конференция қатысушылары
жеке ісін кеңейту, бренд қалыптастырудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйренді. 2018-ші
жылдан бері қолға алынған шара шағын және орта бизнесті қаржылық емес тұрғыда қолдаудың
бірегей алаңына айналды. Осы аралықта бағдарлама 2600-ден астам кәсіпкерді
қамтыды. Тек былтырдың өзінде 100-ден астам іскер азамат бизнес
акселерациясынан өтіп кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, бағдарлама
Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ халықаралық мұнай компаниясының
қолдауымен жүзеге асырылуда.
Алмаз Жұмашев, Еуропа қайта құру және даму банкінің
жобалық менеджері:
- Біз кәсіпкерлерге кеңес беретін сарапшыларды тартамыз. Олардың
қызметінің шығыны қайтарымсыз грант есебінен жабылады. Яғни, 75% дейін өтеледі.
Сондай-ақ, оқыту курстары мен акселерациялық бағдарламалар жүргіземіз. Әр жыл
сайын шараны елдің батыс өңірлерінде ұйымдастырған едік. Көптеген кәсіпкерді
бизнес жүргізудің қыр-сырына машықтадық. Қазір сұраныстары өзгерді. Көбін
қаржылық менеджмент пен инвестициялық тақырыптар қызықтырады. Сондықтан
бағдарлама заман талабына сай жаңартылып жатыр. Ауқымы кеңейіп, биыл Астанаға
жетті.

