Қазақстанда интернет жылдамдығы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға қарағанда жоғары. Бүгінде дүниежүзілік желіні пайдаланатын қазақстандықтардың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Бұл туралы Үкімет отырысында бейінді ведомство басшысы мәлімдеді. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бір жарым жылдан кейін республикада 5G мобильді байланысын енгізу аяқталады. Қазір 20 қалада мыңнан астам базалық станция орнатылған. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестицияларының көлемі 450 миллиард теңгеден асады.
Байланыс сапасын жақсарту үшін тиісті министрлік бірқатар шаралар әзірледі. Мысалы, еліміздегі базалық станциялардың радио сигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарау ұсынылады. Қазақстанда дамыған елдерге қарағанда 10-20 есе қатаң нормативтер бар.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігіне озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, радио сигналдың шекті 4 рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарауды тапсыруды сұраймын. Қалаларда интернет пен ұялы байланыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету шеңберінде Министрліктің техникалық мамандары байланыс сапасына өлшемдер жүргізеді. Өлшеу нәтижелері бойынша байланыс сапасы төмен орындар анықталады. Одан соң Министрлік әкімдіктер және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп «ақ дақтарды» жою бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыс байланыс сапасын еліміздің қалаларында жақсарту мәселесі бойынша жалғасатын болады.
Сонымен қатар, байланыс мәселелерін шешу үшін тұрақты жұмыс істейтін штаб құрылды. Оған министрліктің, әкімдіктердің және байланыс операторларының өкілдері кіреді. Ел бойынша байланыс сапасын жақсартуға арнайы әзірленген цифрлық платформа да ықпал етпек. Сондай-ақ министрдің айтуынша, қазақстандықтар енді кез келген орын бойынша байланыс сапасына өз бағасын бере алады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бүгін осы «Цифрлық картаның» техникалық іске қосылғанын хабарлағым келеді, сілтеме Министрліктің сайтында орналастырылған. Оны әрбір азамат көре алады. Бұл карта пилоттық режимде қосылған. Функционал жағынан толықтырылатын болады. Бұл байланыс сапасын тексеру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге септігін тигізетін шара.