Экспортқа бағдарланған арнайы техника өндірісі. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында жиналатын көліктер көрші мемлекеттерге жеткізіледі. Кәсіпорын коммуналдық шаруашылық және құрылыс салаларына арналған техника құрастырады. Биыл автошасси өндірісінің жаңа желісі іске қосылды. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгеден асып жығылады. Зауыт жылына 6 мың тонна металқұрылымдарын әзірлеп, 232 бірлік арнайы көлік құрастырылады.
Бақытжан Досқазиев, «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақ басқармасының төрағасы:
- Бұл зауыттың болашағы зор. Италиялық бренд. Зауыт – әлем қатарындағы үлкен брендтердің бірі, коммуналдық техника шығаратын өкілдері. Солардың атымен шығарады. Сапалы тауар қазір Ресейде және көршілес елдерде сұраныста бар.
Жақында өндіріс жолына шыққан қазақстандық сэндвич-панельдері де шетел нарығын бағындыруға ниетті. Қазақстандық зауыт сыртқы нарық бәсекесіне қабілетті. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Елімізде баламасы жоқ бірегей желі жылына 1 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. 100% отандық өнім, тек жергілікті шикізат қолданылады.
Руслан Түсіпбеков, кәсіпорын директоры:
- Қазір экспорт бойынша қызығушылық танытып жатыр. Мәселен, көршілес Ресейдің өзінде болат қымбаттады. Біздің металдың бағасынан айрымашылық көп. Бұл – өнімнің негізгі шикізаты. Сол сапа, тек арзанға түседі. Сондықтан сұраныс бар.
Айта кетейік, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндіріс ошақтарының жалпы экспорты былтыр екі есеге өскен. Бұл көрсеткішті биыл да еселеу жоспарланып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов