Астанада Италия симфониясының кеші өтті

Елорда төрінде симфониялық музыка кеші өтті. Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында әйгілі италиялық пианист Джузеппе Гуллотта өнер көрсетті. Классикалық музыка әлемінің бірқатар беделді сыйлығының иегері Ференц Листің фортепиано мен оркестрге арналған №1 концертін орындады. Өнерсүйер қауым енді бір аты мәшһүр италиялық композитордың шығармаларына қанықты. Сондай-ақ, көрермен қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауында Верди, Беллини, Масканьи сынды сазгерлердің классикалық жауһарға айналған  таңдамалы туындыларын тыңдады. Әуенді де әуезді кешке танымал италиялық дирижер Самуэле Галеано жетекшілік етті.

Джузеппе Гуллотта, Пианист, Италия:

- Бұл менің осымен Қазақстанға жасаған үшінші сапарым. Екінші рет қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге концерт әзірледік.  Айта кету керек биыл ұжым Сицилияға гастрольдік сапармен барды. Италияда бірнеше концерт беріп, жергілікті қауымның ыстық ықыласына бөленді. Менің ойымша бұл музыка әлеміндегі үздік жобалардың бірі болды десем артық айтпаспын. 

Самуэле Галеано, Дирижер, Италия:

- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Астанада Мемлекеттік оркестрмен алғашқы әріптестіктен үлкен ләззат алдым. Өте дарынды ұжым. Бұл жолғы жұмысымыз негізінен Италия музыкасына арналды. Болашақта жергілікті қауымға кәсіби қалыптасқан оркестрмен қазақтың әйгілі сазгерлерінің үздік шығармаларын ұсынғым келеді. Ол үшін дәстүрлі саз әлемін зерттейтін боламын.  

Ермұқанов Жеңіс