Астанада II Орталық Азия Медиа форумы басталды

Астанада II Орталық Азия Медиа форумы басталды

Орталық Азияның бірыңғай Журналистика академиясы құрылуы мүмкін. Ол аймақ елдерінің білім беру және ғылыми әлеуетін біріктіретін алаңға айналады. Сондай-ақ, креативті индустрияны дамыту, өңірлік медиа сыйлық тағайындау және Орталық Азияның көрнекті қайраткерлері туралы бірлескен тележобаны іске қосу жоспарланған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанада өтіп жатқан II Орталық Азия медиафорумында осындай бастамалар көтерді. Шара 700-ден астам делегаттың басын қосты. Жиынға БАҚ өкілдері және сарапшылармен қатар, медиа компаниялар мен түрлі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Форум аясында Орталық Азия елдері өзара инвестициялар тарту, туризмді және ортақ тарихи-мәдени мұраны ілгерілету үшін бірлескен контент көлемін арттыруға қызығушылық танытты.  

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтық әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, дайындау идеясын қолдады.

Аймақ елдерінің ортақ телеарнасымен қоса, енді бірлескен медиаплатформа пайда болуы мүмкін. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің ақпараттық қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді. Қазір Қазақстан мен Өзбестан осындай серіктестікке қадам басты. Осыған дейін тараптар журналистерге арналған тренинг пен семинарлар өткізуден бастап, жалған ақпаратпен күрес бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойған болатын.

Асаджон Ходжаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры:

- «Біз Қазақстанмен және Әзірбайжанмен тиісті жол карталарына қол қойдық. Осы бағытта әлі де бірлескен жұмыс күтіп тұр. Орталық Азия елдерін түгел қамтитын келісім жасау керек. Сондықтан бүгін Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы әріптестерімізбен осындай өзара іс-қимыл тетіктерін құру жолдарын қарастырдық. Бұл ретте, алдымен ынтымақтастық меморандумдарына қол қою маңызды. Құжатта осы бағыттардағы әріптестік аясы белгіленеді». 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?