Өндірістік кешеннің жалпы аумағы 433 гектарды құрамақ. Қазір оның құрылысының жобалық жұмыстары жүріп жатыр. Астана әкімдігінің мәлімдеуінше, парк 10 негізгі кластерге бөлінетін болады. Олар - машина жасау, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу, металлургия, жеңіл, химия және тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ, дайын өндірістік нысандар. Кешен аумағында 150-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жалпы индустриялық парктер құрудағы мақсат – елдің бас шаһарына шетелдік инвестиция мен ұлттық капиталдың жаңа ағындарын тарту, өнім экспортының көлемін кеңейту, тың технологияларға қол жеткізу және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру.