Қазақстанда оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі

Елімізде мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Бұдан былай Қазақстандағы әр білім ордасына дабыл түймелері орнатылады. Бұл кез келген жағдайда арнайы күзет қызметінің жедел әрекет етуіне ықпал етпек. Бұл қауіпсіздік жүйесімен 648 отандық мектеп жабдықталған. Шамамен еліміздегі жалпы оқу мекемелерінің 10% ғана құрайды.  Дабыл түймелерімен еліміздің мектептерін толықтай қамту үшін жергілікті бюджеттерден 980 млн теңге бағытталды.

Юлия Овечкина, ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:

- Қазір білім беру ұйымдары дабыл түймелерін жаппай орнатып жатыр. Арнайы келісімдер жасалуда, яғни бұл бағытта жұмыскер тиісті шаралар жүргізілуде. Сала министрі мен Премьер-Министр 1 қыркүйекке дейін осы істі кешенді түрде жүргізуді тапсырды. Қазір бұл үрдіске тағы 3 мыңға тарта мектеп тартылды. Олар келісім жасасып, дабыл түймелерін орнатуға кірісті.

Салалық ведомство мамандарының айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігін мамандандырылған күзет қызметі қамтамасыз етеді. Жақында бұл арнайы қызмет 680 қалалық мектептерде пайда болады.

Юлия Овечкина, ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:

- Ең алдымен әдеттегідей вахтер немесе зейнет жасындағы адам болмауы керек. Бұл міндетті арнайы мамандандырылған қызмет атқаруы тиіс. Олардың бұған рұқсат беретін лицензиялары болуы шарт. Осыған қатысты халықаралық тәжірибе ескере келе барлық мектептер дабыл түймелерімен толық қамтылуы қажет. Әрбіріне бейнебақылау камералары орнатылады. Бұған қоса қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тұлғаны сәйкестендіргіш жүйе білім беру мекемелеріне ендірілуі керек. Ол мәліметтер базасына балаларға жақындау тыйым салынған тұлғалар енгізілген.

Оқушылардың қаупсіздігін мектепке тасымалдайтын ақылды автобустар да қамтамасыз ететін болады. Биыл ондай 500 арнайы көлік білім ордаларының иелігіне беріледі. Еліміздің 3 өңірінде 20 және 40 орынға шақталған автобустар шығарылатын болады. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 22 млрд теңге қарастырылған.

Әсел Қодарова, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің машина жасау басқармасының басшысы:

- Бұл автобустар арнайы қондырғылармен жабдықталады.  Мәселен баланы салонда жалғыз қалдырмау функиясы болады. Көліктер техникалық қауіпсіздікті автоматты түрде тексеретін жүйемен қамтылады. Есіктер жылдам ашылады. Ол әлемдегі мектеп автобустары сынды түске боялады. Өзге елдерде кең тараған сары түсті автобустар болады. Бір сөзбен бұл көлік нысандары оқушының қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін жасалады. Осы қауіпсіздік жүйесін құрастыруға тек қана отандық мамандар тартылады.  

Еліміздегі мектептер 100% бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілгені белгілі. Алайда олардың тек жартысынан сәл астамы талаптарға сай келеді. Жаңа оқу жылына дейін белгіленген стандарттарға сәкестендіру үшін жергілікті әкімдіктер 1,4 млн теңге бөлді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов