Астанада CARDIFF UNIVERSITY филиалы ашылады

Астанада CARDIFF UNIVERSITY филиалы ашылады

Қазақстандық студенттер Ұлыбританияның жетекші зерттеу университетінің дипломын елден шықпай-ақ алу мүмкіндігіне ие болады. Астанада беделді Cardiff University филиалы ашылады. Аталған шетелдік жоғары оқу орнының жергілікті өкілдігі бакалавриат бағдарламасына алғашқы студенттерді келер жылдың қыркүйегінде қабылдамақ. Елордада еліміздің ғылым және жоғары білім министрлігі мен британдық делегация ынтымақтастық туралы тиісті келісімге қол қойды. Олардың қатарында Лордтар палатасының мүшесі Майк Герман да бар. Арнамызға берген сұхбатында мейман филиал жұмысына жіті тоқталды. Айтуынша педагогика, инженерия, IT, биомедицина сынды пәндер бойынша студенттерге зерттеу қызметін жүргізуге барынша жағдай жасалады. Сондай-ақ  геология, жаңартылатын энергетика және тау-кен өндірісі сынды заманауи нарықтың сұранысына ие мамандықтарды оқыту бағдарламаларына ерекше мән беріледі. Бұл ретте айта кетерлік жайт жоғары оқу орнына бірқатар стипендиялық бағдарламалар бойынша түсу жағы қарастырылуда.

Майк Герман, Ұлыбританияның лордтар палатасының мүшесі:

- Қазақстандық студенттерге Астанадағы Cardiff University филиалында оқуға арналған стипендиялар қолжетімді болады. Біз бұл мәселені келіссөздер барысында талқыладық. Қазақстан өз студенттерін қолдауға үлкен көңіл бөледі. Кардифф университеті елдің сұранысына қарай бағдарланады. Оқыту бағдарламалары мен ғылыми курстарды құруда осы елдің экономикалық және ғылыми қажеттіліктері ескеріледі.  Негізгі бағыттары назарға алынады. Мәселен Қазақстанның дамуымен, оның болашағымен байланысты биомедицинаға басымдық беріледі.

Жеңіс Ермұқанов.  

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?