Қазақстанда БҰҰ 80 жылдығына арналған пошта маркасы
шығарылды. Оның таныстырылымы Астанада өтті. Мерейтойлық марканы отандық суретшілер
мен халықаралық құрылымның мамандары әзірлеген. Олардың айтуынша ол Ұйымның
басты мақсаттары - бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауды, сондай-ақ
халықаралық ынтымақтастықты дамытуды білдіреді. Онда қазақтың ою-өрнектері де бейнеленген.
Еске сала кетейік, Қазақстан осыдан 33 жыл бұрын БҰҰ мүшесі
атанды. Осы уақыт ішінде еліміз Ұйыммен табысты әріптестік орнатып келеді. Мемлекет
басшысы Қазақстан БҰҰ Жарғысын, сондай-ақ тұрақты дамудың мақсаттары мен
қағидаттарын әрдайым ұстанатынын айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші
мерейтойлық сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев құрылымның жаһандық сын-қатерлерге
қарсы тұрудағы маңыздылығын тағы да атап өтті. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты
үйлестірушісі Саранго Раднарагча орнықты дамуға және серіктестік деңгейінің
жоғары болуына қол жеткізу үшін бірлескен күш-жігердің маңызын тілге тиек етті.
Бүгінде еліміздің аумағында БҰҰ-ның 27 агенттігі мен мекемесі жұмыс істейді. Бұдан
бөлек, Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму
мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылған болатын.
Скендер Сыла, Қазақстанның ДДСҰ елдік кеңсесінің басшысы:
- Қазақстанмен ынтымақтастығымыз өте жақсы дамып келеді. Елдеріңіз көптеген бастамаларда көшбасшы. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында тығыз әріптестік орнатты. Басқа да бірлескен жобалар бар. Арал теңізі бойынша да ортақ жоба қолға алынды. Біз оны таяу жылдары іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оған, сондай-ақ Өзбекстан мен Орталық Азияның басқа да елдері қатысады.
Іс-шара «Жаһандық мақсаттар үшін музыка» концертімен
аяқталды. Онда отандық және шетелдік сазгерлердің дәстүрлі және заманауи
шығармалары орындалды.

