Мәжілісте Қазақстанның көлік-логистика саласының даму әлеуеті талқыланды

Мәжілісте Қазақстанның көлік-логистика саласының  даму әлеуеті талқыланды

Қазақстанның теміржол саласында Wabtec және Huawei-мен бірге жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Бұл жөнінде сала басшысы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді. Марат Қарабаев PSA компаниясы еліміздегі кедендік және транзиттік бизнес-үрдістерді сандық жүйеге келтіруге септескенін де жеткізді. Логистиканы оңтайландыру үшін «бір терезе» форматы жұмыс істеп тұр. Көлік жолдары саласында да цифрлық технологиялар жаппай ендірілуде. Мәселен қазіргі таңда «e-Joldar» жүйесі жасақталып жатыр. Сонымен қатар, көлік министрі жақында еліміз азаматтық және әскери ұшақтарды жөндеудің аймақтық орталығына айналатынын да тілге тиек етті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Бүгінгі таңда перспективалық мультимодалды әуе хабтардың бірі – Ақтау әуежайы. Оның негізгі артықшылығы - барлық көлік түріне қолжетімділігі және Еуропаға 3 сағаттық жақын жерде орналасуы. Жүк әуехабымен қатар, YDA, Turkish Technic және ASFAT түркиялық компаниялары бірлесіп, әуежай аумағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және оқу орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Қызмет көрсету орталығы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери ұшақтарын қамтитын болады.

Сондай-ақ, еліміз теңіз порттарының инфрақұрылымын жетілдіруде. Бұл ретте Ақтау жүк өңдеу айлағында қытайлық компаниямен бірге контейнерлік хаб құрылысы басталды. Оған қоса, германиялық, америкалық және франциялық инвесторлармен қосымша 300 мың контейнерлік терминал салу пысықталуда. Сыртқы терминалдар да жаңғыртылып жатыр. 2025-ші жылы қосымша Алят портында, Мәскеудегі, Белоруссияда, Ташкенттегі терминалдардың құрылысы басталады. Нәтижесінде, өзге елдердегі отандық терминалдардың қуаттылығы 5 есеге өседі.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- 2029 жылға қарай көліктік инфрақұрылымның дамуы есебінен транзиттік тасымалдың айтарлықтай өсуі жоспарлануда. Атап айтқанда, теміржол тасымалы бойынша транзиттік тасымалдарды 65% ұлғайту, контейнерлік тасымалдарды 54% арттырып, 2 млн контейнерге жеткізу болжамдануда. Автокөлік транзитінің көлемі алты есеге – 29 млн тоннаға дейін өседі. Әуе тасымалымен транзит көлемі 2 есеге өсіп, 300 мың тоннаға жететін болады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?