Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанмен дипломатиялық, ынтымақтастық және инвестициялық қарым -қатынасын жаңа деңгейге көтеруге дайын. Бұл туралы Қазақстандағы Сауд Арабиясы корольдігі елшілігінің өкілі мәлім етті. Оның айтуынша, оған бірден бір себеп - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корольдікке жасаған соңғы сапары болып отыр. Бұған дейін белгілі болғандай, екі елдің көшбасшылары «Корольдіктің 2030 жылға дейінгі Саудтық көзқарасы» мен «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясына» сәйкес келетін жаңа әріптестік қатынастар мен инвестициялық мүмкіндіктердің көмегімен ынтымақтастығын одан әрі нығайту туралы уағдаласқан еді.
Яхья Ахмед Окейш, Қазақстандағы Сауд Арабиясы Корольдігі елшілігінің өкілі
– Өздеріңіз білетіндей екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толып отыр. Екі елдің ара қатынасы өте жақсы деңгейде. Екі ел басшыларының кездесуі барысында қос тарап арасындағы көптеген келісімдерге қол қойылды. Сонда біздің еліміздің тақ мұрагері «Инвестициялық – экономикалық қарым-қатынастардың шегі жоқ» деп айтқан сөзі бар. Біз алдағы уақытта осы бағытта жақсылап жұмыс жасап, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтеруге күшімізді саламыз.
Асқар Шоқыбаев, СІМ Таяу Орта Шығыс және Африка депараментінің директоры:
– Жалпы Сауд Арабиясы Корольдігі ең сенімді әріптестеріміздің бірі Таяу Шығыстағы, Парсы шығанағындағы. Бұл елмен соңғы 30 жылдың ішінде жақсы саяси диалог орнаған, мәдени гумманитарлық диалог орнаған. Қазіргі уақытта өте маңызды мәселе ол – Парсы шығанағы елдерінен, атап айтқанда Сауд Арабиясы Корольдігімен инвестициялық қарым-қатынас құру, оны дамыту әрі қарай. Қазіргі таңда жақсы әріптестік орнап жатыр Саудияның инвестициялық қорларымен, Ұлттық компаниялармен, жеке компаниялармен. Барлығы біздің елімізге үлкен қызығушылық танытып отыр. Келешекте олармен тығыз жұмыс істейміз деген сеніміміз бар.