Жапонияның ірі әуе компанияларының бірі Қазақстанмен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Жақын арада қос ел арасында тікелей рейстер ашылуы мүмкін. Бұл жөнінде Елордада С5+1 форматында кезекті бизнес-форумында белгілі болды. Жалпы Орталық Азия мен Жапония ынтымақтастығының әлеуеті жоғары. Күншығыс елінің ірі бизнес өкілдері өңірмен ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл әріптестік жоғары технологияларға негізделеді. Оның ішінде өндірісті модернизациялауға басымдық беріледі. Тағы бір басым бағыт – жасыл энергетика болмақ.
Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
– Бұл форумның негізгі мақсаты – Жапония және Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы бизнес, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ары қарай ілгерілету. Сонымен қатар, нақты жобаларға қол қою. Мәселен, әр мемлекеттен уақыт үнемдеу үшін 3 ірі жоба ұсынылды.
Мәселен, Жапония халықаралық ынтымақтастық банкі Қазақстан аумағында түрлі саладағы 26 жобаны қаржыландырып, 2,3 млрд доллар бөлді.
Хаящи Нобумицу, Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасы:
– Біз бұған дейін мұнай-газ саласындағы жобаларды қаржыландырып келдік. Енді энергетика мен өзге салалардағы әріптестікті жандандырсақ деген ниетіміз бар. Себебі, Қазақстанда мүмкіндік көп. Экономикаларыңыз қарқынды дамып келеді. Шет мемлекеттердегі жапон бизнесін қолдайтын ресми ұйымның өкілі ретінде айтарым – Қазақстанға жапон технологияларын және ноу-хауды барынша көп көлемде алып келуге тырысамыз.
Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі әрі бүгінде үздік 10 ірі инвесторлар қатарына кіреді. Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы өткен жылы 10,5%-ға өсіп, 2,1 млрд долларға жетті. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өзара сауда көрсеткіші 768 млн долларды құрады. Тәуелсіздік жылдарында Жапонияның Қазақстан экономикасына капитал салымдарының жинақталған көлемі шамамен АҚШ валютасында 8 млрд-қа жетті.