Қазақстанның геологиялық барлау саласына шетелдік компаниялар 12 млрд теңге
инвестиция құйды. Бұл тың көрсеткіш тек соңғы бес жылдың нәтижесі. Еліміздің Өнеркәсіп
министрлігінің мәліметінше, былтыр жер қойнауын пайдалану құқығын беруге
қатысты өткізілген аукциондар нәтижесінде ел қазынасына 5 млрд 700 млн теңгеден
астам қаржы түсті. Инвесторлардың салымдарымен қатар, географиясы да кеңейіп
келеді. Экономикаға сырттан тартылған капитал бойынша Ұлыбритания, Австралия,
Сингапур, Канада және Түркия сияқты елдер көш бастап келеді. Осы уақытқа дейін
қазбаларды барлау мен өндіруге 3 мыңнан астам лицензия берілген. Салаға таяу
арада ірі шетелдік компаниялардан тартылған инвестициялар көлемін 41 млрд
долларға дейін жеткізу межеленген. Бұл жер қойнауының шамамен тағы 25 мың шаршы
шақырымнан астам аумағын зерттеуге мүмкіндік береді.
Бақытжан Алдонғаров, Жер қойнауын пайдалану құқығын беру басқармасының
басшысы:
- Соңғы жылдары шетелдік компаниялардың елімізге қомақты инвестициялармен келуі
біз үшін өте үлкен жетістік. Бұл жұмысқа жұмсалатын қаражат аса ауқымды болады.
«Rio Tinto, Fortescue» сынды алыптардың бұл жұмысты атқаруға келгені және салып
жатқан инвестициялары біз үшін өте маңызды. Қазір олардан нәтиже күтудеміз.
Компания отандық салаға өте үлкен көлемде инвестиция құйып, тың шетелдік
технологияларды қолданып жатыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

