Қазақстан мен Түрікменстан өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр

Қазақстан мен Түрікменстан өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр

Қазақстан мен Түрікменстан өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің бейресми кездесуінде белгілі болды. Олар стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылады. Газ саласындағы серіктестікті кеңейту, нақты айтқанда, Қазақстан тарапының шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысу мәселесіне мән берілді.  

Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады. 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Сондай-ақ, стратегиялық маңызды жобалар бар. Оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. Ал өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.  

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы: 

- Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. 

Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркіне барды. Мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.  

Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, тракторлары, тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған. Келесі кезеңде 112 ғимарат салу, жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қоспақ. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?