Астана опера театрының сахнасында классикалық өнердің «Опералия» халықаралық фестивалі өтеді. Шара шеңберінде әлемдік мәдениеттің озық туындылары талғампаз көрермен назарына ұсынылмақ.Театрдың жоспары, көптен күткен премьералар мен гастрольдер туралы шығармашылық ұжымның басшысы Ғалым Ахмедияров айтты. Оның айтуынша жақын күндері танымал өнер иелерінің сахнаға шығуы жоспарланып отыр. Борис Эйфманның балеті солардың бірі. Ұжым «Анна Каренина» және «Пигмалион құбылысы» атты қос спектакльді көрермен назарына ұсынбақ. Сонымен қатар оныншы мерейтойлық жыл шеңберінде әйгілі чех хореографы Иржи Килианның Моцарттың музыкасына жазылған «Кішкентай өлім» эксклюзивті балетінің премьерасы жоспарланып отыр. Спектакльдер бағдарламасына композитор Герман Левенскольдтың «Сильфида» балеті қосылады. Сондай-ақ театр репертуары балалар аудиториясына арналған жаңа туындылармен де толықпақ.