Елордалық «Астана Опера» театры тоғызыншы маусымының шымылдығын түрді. 30 тамыз Конституция күніне орайластырылған шара үлкен гала концерт форматында өтті. Мерекелік кеште патриоттық және сирек орындалатын классикалық әуендер шырқалды. Осылайша, шымылдығы түрілген жаңа маусымда шығармашыл ұжым талғампаз көрерменді 5 бірдей премьерамен қуантпақ.
Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Тоғызыншы маусымды айта кететін болсам, 5 премьера дайындап отырмыз. 3 опера және 2 балет. Әрине, бір маусымда 5 премьера қою деген үлкен ауқымды жұмыс. Сондай-ақ өзіміздің репертуарымыздағы спектакльдер жүреді. Барлығы ойдағыдай өтеді деген сенімдеміз. Күні кеше бізбен бірге қызметтес болған Майра Мұхамедқызы қазір Шымкент театрын басқарып отыр. Ол өзінің дайындаған «Домалақ ана» атты қойылымын алып келе жатыр.
Авторы: Ақзер Сегізбай