«Astana Opera» театрының әртістері Ақтөбе
облысына гастрольдік сапармен барды. Елордалық өнер ұжымы алдымен жергілікті
ферроқорытпа зауытына ат басын тіреп, өндіріс жұмысымен танысты. Кейін сахна
саңлақтары ақтөбелік металлургтермен бірге Хакім Абайдың әйгілі «Көзімнің
қарасы» әнін орындады.
Кейін опера труппасы мен оркестрі Хромтау тұрғындары мен қала қонақтарын бірегей өнерімен тәнтті етті. Гала-концерттің бағдарламасына «Еңлік - Кебек», «Біржан – Сара», «Айсұлу», «Қыз Жібек» сынды ұлттық опера жаухарларынан ариялар енген. Сонымен қатар, әуенді де әуезді кеште тыңдармандар Иоганн Себастьян Бах, Джоаккино Россини, Джузепе Верди, Жорж Бизе сынды аты аңызға айналған әлемдік сазгерлердің жарқын туындыларын тыңдады. Ал, жас көрермендер Сергей Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін тамашалады.
Талғат Мұсабаев, «Astana Оpera» опера трупасының
директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазіргі таңда театрда ұрпақтар сабақтастығы жақсы байқалады.
Жас көрермендер қатары артып келеді. Өскелең ұрпақ, жалпы халық асқақ өнерге
қанығуы үшін біз классикалық музыканы насихаттаушы ретінде өңірлерге жиі шығып тұруымыз керек.
- Алған әсерім зор. Өте ұнады. Айтқан дауыстары әсер
етті. Көңіл-күй жақсы.
- Ұжым өнеріне тәнті болдым. Ақтөбелік хор мен әншілердің «Астана Опера» оркестрі мен солистерінің бірлескен шығармашылығы мені ерекше әсерге бөледі.
Еліміздің өңірлеріне гастрольдік сапарлар «Жұмысшы
мамандықтары» жылы аясында өтіп жатыр. Елордалық әртістердің өнер шеруі енді Павлодар,
Екібастұз, Қарағанды және Рудный қалаларындағы ірі өндіріс ошақтарында жалғасын
табады.

