«Астана Опера» грузиялық өнер сүйер қауымның көңілін жаулады. Отандық сахна саңлақтары алғаш рет Тбилисиде Шота Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театрында өнер көрсетті. Гастрольдік бағдарламаға қазақстандық және әлемдік сазгерлердің таңдамалы шығармалары енді. Оның авторы еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Кеш қонақтары «Құрмет» орденінің иегері, дирижер Руслан Баймурзиннің киелі домбырамен орындауында қазақтың әсем әні мен тәтті күйіне бөленді. Көрермен ұлттық аспап үніне қанығумен қатар, «Біржан-Сара» операсынан үзінділер, «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониясы және Абайдың «Айтым сәлем, Қаламқас» әні және Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан каватин шырқалды. Қазақи нақыштан бөлек өнер ұжымы грузин сахнасында Джакомо Пуччини, Джоаккино Россини, Жак Оффенбах және басқалардың танымал арияларын орындады. Айта кетейік, гастрольдік сапар еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен өтті.