Елімізде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мерейтой Қостанай облысында кең көлемде аталып өтеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, іс-шаралардың негізгі бөлігі саяси қайраткердің туған өлкесінде өтеді. Ақкөл ауылында Ахмет Байтұрсынұлына және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылады.
Сапар Ысқақов, туристік кешеннің авторы:
– Бесінші қыркүйекте – қазақтың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы. Соған арнап мына мемориал деген ғимаратты салып жатырмыз. Оның ішінде 12 адамның дене топырағы болады. Басына қойылған белгі болады. Соның ішінде біреуі Ахмет Байтұрсынов.
Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек жолы мен өмірі биыл ерекше назарда. Осы мақсатта тіпті, экспедиция да топтастырылған. Ғалымдар мен тарихшылар Қазақстан, Ресей және Әзербайжанның бірнеше облыстарында болып, ондағы мұрағаттарды зерттеп, ұлт ұстазы қызмет еткен мектептер мен редакцияларды аралайды. Жобаның қорытындысы бойынша деректі фильм таныстырылады.
Алмас Әбсадық, экспедиция жетекшісі:
– Экспедицияның қорытындысын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте шығарғалы отырмыз. Себебі кезінде осы мектептің қабырғасында Қостанай педагогикалық сыныбы жұмыс жасаған. Аталмыш сыныпта Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінен сабақ берген еді.
Негізгі шаралардың бірі музей-үйдің ашылуы болмақ. Осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрді деген болжам айтылып жүрген үй орнында жаңа ғимарат саланып, ол тарихи экспонаттармен толтырылады.