Қаңтар - өзгерістер өткелі

Фильм сол оқиғаның басы-қасында жүрген, жай-жапсарын жақсы білетін сарапшылардың сөзімен өріледі. Олар Тәуелсіздік тарихындағы ең ауыр трагедияның себебі мен салдарын саралайды. 1 жыл бұрын бұрқ етіп, дүниені дүрліктірген дүмпуге тарихи-саяси баға беру — ерте. Дегенмен «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобының мүшелері Еділ Жаңбыршин, Ерлан Саиров және «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан, саяси сарапшы Мақсат Жақау сынды азаматтық қоғам өкілдері өткір ойларын ортаға салады. Бұл көтеріліс пе әлде төңкеріс пе? Билікті күшпен басып алуға тырысқандардың көздегені не? Мемлекеттің жаңа бағыты, Президенттің бастамалары оларға неге ұнамады? Қарапайым халық қандай қоғамдық әділетсіздікке қарсы тұрды? Алаңға шығам деп арандап қалғандардың жайы. «Қаңтар» оқиғасы қандай саяси-экономикалық реформаларға серпін берді? Кімге және қай салаға қамшы болып тиді? Арнайы жобада осы сұрақтарға жауап айтылады.