Су тасқынынан зақымданған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан Үкіметінің жіті бақылауында. Осының қамында ел Премьер-Министрі Олжас Бектенов бейінді ведомство басшылары және облыс әкімдерімен кеңес өткізді. Топан судың салдарынан бұзылған 19 мыңнан астам жылжымайтын мүліктің сегіз жарым мыңы қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Бүгінгі таңда 2 мың үй құрылысы, 6 мың нысанды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында 200 және Павлодар өңірінде 5 үйдің іргесі жедел көтергенін атап өтті. Сондай-ақ, жуырда Қостанай өлкесінде 22 үй тапсырылмақ. Алайда, жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-20 күн кешігу байқалады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Атырау аймақтарында құрылыс қарқыны төмен. Жауапты тұлғаларға бұл жұмыстарды жеделдету жүктелді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Инфрақұрылым бойынша да белгіленген қарқыннан
артта қалу байқалады. Әкімдерге әрбір нысан бойынша адамдар мен техниканы жылдам
жұмылдыру тапсырылады. Егер өңірлердің өз күштері жетпесе, біз өз тарапымыздан
қосымша көмек береміз. Салалық министрліктер құрылыс жұмыстарын аяқтау кестесін
өзектендірсін. Кейінге шегерілген құрылыс басына қайта барып, бақылау жүргізу
керек. Құрылыс министрі өзі барып жұмыс барысын үнемі қадағалауы тиіс.