Барлық үрдістерді жаппай сандық жүйеге көшіру. Елордада Еуропалық модель бойынша «Smart Astana» тұжырымдамасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл Бас шаһарды «ақылды» қалаға айналдыруға мүмкіндік береді. Ол үшін ең алдымен инфрақұрылымды жақсартуды тоқтатпай, озық цифрлық жобаларды кешенді түрде енгізу қажет.
Жанат Маусымбаев, «Астана Innovations» жобаларды дамыту департаментінің директоры:
- «Клокстер» жобасы. Бүгінгі таңда 59-шы мектепте адамның бет-әлпетін тану жүйесі орнатылған. Бұл ата-аналарға балаларын бақылауға, яғни оқушының оқу ордасына кіруі мен шығуын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе адамның келбетін ғана емес, бетперденің болуын және дене температурасын көрсетеді. Сыналып жатқан келесі жоба ауаны ақылды ионизациялау. Биылдың наурыз айынан бастап бұл өнімнің мүмкіндіктері аялдамада тексерілуде. Жүйе ауаны 99,9% иондайды, яғни кез келген тұрғынға аялдамаға маскасыз кіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бейнебақылау және тұрғындарды ауызша хабардар ету жүйелер іске асырылған.
Ақылды қала дегеніміз тек жоғары технология ғана емес. Қазір елорда тұрғындары үшін пайдалы сервис-орталықтар іске қосылуда. Олардың бірі – «iQala». Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни бір жерден 150-ден астам қызмет алуға мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен уақытты үнемдейді. Көбіне азаматтар су, жылу және қуат көзімен қамту және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша шарттар жасасу қызметтеріне жүгінеді.
Еркебұлан Сейсепов, Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының инновацияларды дамыту бөлімінің басшысы:
- Біздің монополистер ұсынатын барлық қызметтерді 15 минут ішінде бір жерден алуға болады. «iQala» орталығы арқылы 180 мыңнан астам өтінішке қызмет көрсетілді. Қаланың бұл тәжірибесі бүгінде үкіметтің қолдауын тауып отыр. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының осы тәжірибесінің ауқымы кеңейтіліп, еліміздің басқа өңірлеріне енгізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй шаруашылығы және қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Осы салалардың қызметін сандық жүйеге келтіру азаматтардың өмір сапасын әлдеқайда жақсартуға сеп болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов