Үкімет басшысы мұнай-газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Үкімет басшысы мұнай-газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Үкімет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Олжас Бектенов Қазақстанда ірі жобаларды іске қосудың маңызына тоқталды. Бұл қатарда Атырау өңірінде жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия зауыты және салына бастаған үш газ өңдеу зауыты бар. Премьер-Министр сала мен жер қойнауын пайдаланушыларды мемлекеттік қолдаудың бірқатар шарасы қолға алынғанын атап өтті. Бұл ретте салық және инвестициялық заңнама жетілдірілуде. «Кәсіпкерлік» және «Жер қойнауы» кодекстеріне кәсіпорындарға жүктемені төмендететін түзетулер енгізілді. Кен игерушілер үшін реттеушілік және преференциялар топтамасын бекітетін күрделі жобалар бойынша жетілдірілген үлгілік келісімшарт ендірілді. Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформалар да жоспарлап отыр. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерді қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы өз кезегінде, бизнестен жергілікті қамту үлесін айтарлықтай ұлғайту және отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын күтетінін тілге тиек етті. Айта кетейік, мұнай-газ саласы ел экономикасының қозғаушы күші саналады. Мұнда салық түсімдері мен жұмыс орындарының едәуір бөлігі қалыптасады. Өткен жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілді, ал расталған қор 2,9 млрд тоннаға бағаланып отыр.