Сирия жеріндегі жағдай және Женевадағы конституциялық комитеттің жұмысын қалпына келтіру. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Астана форматындағы» қатысушылардың күн тәртібіндегі басты мәселе осы болмақ. Бұл туралы Ресей Президентінің Сириядағы өкілі Александр Лаврентьев журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Ол сонымен қатар қазіргі кезде Сирияның демократиялық күштері мен Дамаск арасында сындарлы диалог құру өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін содырлардың оккупациясында тұрған Ат-Танф аймағындағы қолайсыз жағдай туралы мәселе де маңызды.
Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия жөніндегі өкілі:
- Біз әлемдік қоғамдастықты Сирияға қатысты максималды қысым жасау саясатын доғаруын және сириялық халықты ұжымдық жазалауды тоқтатуын, ондағы жағдайды тұрақтандыруға, Сирияның экономикасын жандандыруға нақты шаралар қабылдауға шақырамыз. Біз бұл шаралар, ең алдымен, Сирия халқының азап шегуін жеңілдететініне сенімдіміз.
Айта кетейік, кездесуге қатысушылар арасында жабық пікірталас болады. Қатысушылар арасында БҰҰ Бас хатшысының Сирия істері жөніндегі арнайы өкілі Гейр Педерсен, қарулы оппозиция өкілі Ахмад Тома, сондай-ақ Иран, Ресей, Түркиядан келген делегаттар бар. Бақылаушы мемлекеттер қатарында БҰҰ-ның, Иордания, Ливан және Ирактың өкілдері бар. Екі және үшжақты консультациялар, Сирия тараптарымен келіссөздер және бақылаушылармен кездесу жоспарланған. 9 шілдеде консультациялардың жалғасы және пленарлық отырыс өткізіледі. Сонымен қатар Ауғанстан форматындағы кездесу барысында күштеп ұсталған азаматтар бойынша да жұмыс тобының отырысы өтеді.