Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әкімдерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. Үкімет басшысы коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа елордамен бірге тағы төрт өңір кіргенін атап өтті. Сол себепті эпидемиологиялық ахуал күрделене түскен барлық облыстарда «шектеу шаралары қолданылып, мониторинг топтарының жұмысы күшейтілуі тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Асқар Мамин осы жайттың бәрін ескеріп, резервтегі инфекциялық орындардың дайындығын пысықтап, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бүгінгі күні вакцинаның І компонентін 3,3 млн-ға жуық адам салдырды. Шамамен 2 млн адам ІІ компонентті ектірді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әкімдер вакцина салу қарқынын күшейту керек. Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына қатысты. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналау қажеттігі айқын.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тек соңғы бір аптада елде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 39% артқанына назар аударды. «Күн сайын стационарлардағы төсектердің жүктелімі де көбейіп келеді», – деді ол. Айтуынша, бұған Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы эпидахуал әсер етті. Осы шаһарларда қатерлі індетпен сырқаттану елдегі жалпы көрсеткіштің 43% құрап отыр. Сондықтан да мамандар коронавирустың таралуын тежеу мақсатында халықты жаппай иммундау науқанына қарқын қосу қажеттігін алға тартып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов